Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
7 ақпан күні Ақтөбе облысының барлық құтқарушылары еңбек етті.
Облыста бірнеше күнге созылған ақ түтек боран біраз тұрғынды жарық, байланыс пен сусыз қалдырды. Республикалық және аудандық жолдар жабылып, автокөліктердің қозғалуына кедергі болып, бірталайы жолда қалды. Облыстың екі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік желіде көліктің алдына түсіп, жаяу жол көрсеткен азаматтың бейнежазбасы тараған еді. Құтқарушы жігіт сол сәт туралы пікір білдірді.
«Қандыағаш қаласындағы біздің бөлімге Еңбек ауылдық округі, Басшилі елді мекенінде 73 жастағы әйел адамның ауыр халде жатқаны туралы хабарлама түсті. Оны аудандық ауруханаға жеткізу керек болды. "Трэколмен" шықтық. Ауа райының қолайсыздығынан көлік алдына екі адамнан кезектесіп шығып, жүгіріп отыруға тура келді. Өйткені, қарға адым жерді көру мүмкін емес еді. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Ерлік жасадық деп айта алмаймын. Бұл біздің міндетіміз», - деді Ақдәулет Әли.
Құтқарушылар бір бағыттың өзіне 3 сағаттан астам жүрген. Олар кезектесіп, бір жарым шақырым сайын ауысып отырған. Осылайша, науқасты аман-есен Қандыағаш қаласындағы ауруханаға жеткізді. Бейбіт күннің батырлары қызметтерін жалғастырып жатыр.
Қазір облыстағы 8 аудан орталығында (Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандары) 11 жылыту пункті ашылды. Оларға 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылды. 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді.