Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
«Жылдық айналымымыз 300 миллион теңгеге жетеді»
Менің кәсібім

«Жылдық айналымымыз 300 миллион теңгеге жетеді»

02.11.2020
1 мин
7
5664

Көпшілік табысқа жету қаржысы көп саланы таңдауға байланысты деп ойлайтыны өтірік емес. Ал компаниясының жылдық айналымын биыл 300 миллион теңгеге жеткізуді жоспарлап отырған тәжірибелі зергер әрі кәсіпкер Самат Ажибеков бизнесті дұрыс жүргізе білсе, ақша барлық салада бар деп есептейді. Еліміздегі үздік зергерлік шеберхананың негізін қалаған ол Dauletten.kz сайтына берген сұхбатында қызығушылығын осы кәсіпке қалай айналдырғаны туралы баяндап, кәсіп ашу, команданы басқару, даму жөніндегі білім-тәжірибесімен бөлісті.  

- Самат мырза, Instagram парақшаңыздан сүйікті ісіңізді кәсіпке айналдырған бақытты жан екеніңізді байқадым. Қазіргі кезде адам 7-ден 14 жасқа дейін сыртқы қысым болмаған жағдайда неге әуес болса, болашақта да сол істі дамытуы дұрыс деген теория бар. Онда баланың сол жаста сүйіп айналысқан ісін ересек болғанда да қабілеті мен икемі сол бағытта дамып, бақытты болатыны айтылады. Ал сіз 7 мен 14 жас аралығында немен айналыстыңыз?

Иә, адам кішкентайында қандай іске бейім болса, өскен кезінде де сол істі дөңгелетіп әкетеді деп ойлаймын. Бірақ бала есейген күннің өзінде оған сырттан сүйікті ісімен айналысуға қысым болмау керек. Себебі кейде сүйікті істің бірден табысқа әкелмейтін кездері де болады. Оған белгілі бір уақыт керек.

Ал өзіме келсем, 7 мен 14 жас аралығында сурет салуға әуес болғанымды білемін. Ермексаздан әртүрлі фигуралар мен аңдар мүсінін жасауды ұнататынмын. Ол кездерде әкем жиһаз жасаумен айналысқан. Ал мен әкеме құралдарын әперіп, жиһаз құрап, оған көмектесіп жүретінмін.

Жаңағы сурет салуым, жиһаз құрауым, ағашпен жұмыс істеуім былай қарасаң, қолөнерге келеді. Сол қолөнерден алыс болмағандықтан, зергерлікті жақсы көріп, ары қарай алып кете алдым деп ойлаймын.

- Бүгінде зергерлік саласында 10 жылдан артық қызмет етіп келе жатқан білікті мамансыз. Зергерлік өнерге қалай келдіңіз?

Зергерлікке кездейсоқ келдім десе де болады. Мен негізі колледжді суретші-дизайнер мамандығы бойынша бітірдім. Оны бітіргеннен кейін зергерлікте менімен қатарлас оқыған дос балалар кәсіп бастап жатты. Жұмыс керек болғандықтан, сол жаққа полировщик (жылтыратушы) болып жұмысқа орналастым. Сол жұмыста жүріп біраз нәрсе үйрендім. Содан зергерлікке деген қызығушылық пайда болды.

- Сол қызығушылықтың арқасында зергерлік шеберхананың негізін қалағаныңыз белгілі. JeweLux компаниясының тарихына, бағытына, өніміне тоқталып өтсеңіз.

JeweLux нарықта жобамен 3 жылдай уақыт жұмыс істеп келе жатыр. Басында үш жігіт бастаған едік, кейіннен бір жігіт кетіп, екеу болып қалдық. Ал қазір қасымда серіктес жоқ, өзім жұмыс істеп келе жатырмын. 3 адаммен басталған компания қазір 30-дан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияда бұйым жасайтын зергерлік бөліммен қатар сату, жеткізу, дизайн, маркетинг және бухгалтерия бөлімдері бар.

Шын айтқанда, менде басқару, маркетинг жағынан да, басқа жақтардан да бұрын тәжірибе болмаған. Әйтеуір интернеттен көріп, кітаптан оқып, түрлі курстарға қатысып, әр жақтан алған білімдерді ұштастыру арқылы компания жұмысын дөңгелетіп келе жатырмын.

Компанияның нарықтық өнімдері мен бағытына келер болсақ, біздің негізгі мақсатымыз әр клиенттің өзі қалаған бұйымын жасап беру. Яғни базардан барып, дайын өнімді ала салу емес. Бізде клиенттің ойындағы бұйымын өзі қалағандай жасап беруге мүмкіндік бар. Бүгінде компания 80-90 процент күміспен жұмыс істейді. Ал негізгі өніміміз есімді алқалар.

- Құпия болмаса, бүгінгі таңда компанияңыздың жылдық айналымы қанша миллионды құрайды?

Компанияның жылдық айналымы былтыр, мысалы, 150 миллион теңгені құраған болатын. Ал биыл нақты айту қиын. Себебі бізде тұрақты түрдегі динамикалық өсу бар. Бірақ жылдық айналымды биылдыққа 300 миллион деп жоспарлағанбыз. Әзірге барлығы жоспар бойынша келе жатыр. Бұйыртса, осы жылы жылдық айналымымыз 300 миллион теңгеге жетеді деген ойдамыз.

- Компания табысының сыры неде?

Табыстың сыры осы деп нақты айта алмаймын. Меніңше, ең бастысы – адал еңбек ету, адамдардың еңбегін бағалау, клиенттермен максималды түрде ашық қарым-қатынас орнату. Сосын мидағы шектеудің жоқтығы. Ақшаға деген, жалпы дамуға деген ешқандай шектеудің болмауы шығар мүмкін. Менің әрдайым айтатын сөзім: «Логикаң жеткен жерге, қолмен ұстап жететіндей деңгейге қол жеткізуге болады». Сондықтан біз өзімізге ешқандай шектеу қоймай, жылдан-жылға дамып, алға басып келе жатырмыз. Аллаға шүкір!

- Instagram парақшаңыздан командаңызға деген ықыласыңыздың ерекше екенін аңғару қиын емес. Командаңызды басқару тәсіліңіз қандай?

Бұрын басқаруда тәжірибе болмағандықтан, соған байланысты кітаптар оқып, YouTube-тан видеолар қарап жүріп әйтеуір басқарудың бір формасын қалыптастырдық. Өзіміз қалыптастырғаннан кейін басқару тәсіліміз басқа компанияларға ұқсамайды. Бізде бәрі еркін. Жоспарды орындады ма, кете беруіне болады деген секілді. Бастысы жұмыс барысында қызметкерлердің барлығы өз жұмыстарын біледі.

Мен жұмыскерлердің жұмыс кезіндегі ғана емес, жұмыстан тыс уақыттарда да араласып жүргенін қалаймын. Сондай атмосфера жасауға тырысамын. Бізде бұрын жұмыс істеген қызметкерлердің өзі бір жиын болып жатса келіп, араласып тұрады. Сондай кішігірім отбасы болып қалыптасып қалдық.  

Ең бастысы, жұмыс істеп жатқан бағытың дұрыс болса және соны қызметкерлерге түсіндіре алсаң, басқарудың қатты бір қиындығы болмайды деп ойлаймын.

Өйткені бизнес белгілі бір проблеманы шешу керек. Негізі барлық бизнес бір проблеманы шешеді. Бірақ біздің қателігіміз кей кезде қандай проблеманы шешіп жатқанымызды түсінбейміз. Мысалы, караокеге барып, кез келген қызметкерден «Сіз қандай проблеманы шешіп жатырсыз?» деп сұрасаңыз, ол білмеуі мүмкін. Себебі оны не басшылықтың өзі білмейді, не білсе де, қызметкерлеріне түсіндірмейді. Мысалға, караоке адамдардың кештерін, ең маңызды күндерін ерекше атап өтуге себепкер болып жатыр. Өйткені караокеге әдетте туған күн тойлау үшін, достармен жиналып, көңіл күй көтеру үшін барады. Сол жақтағы барлық қызметкерлер, еден жуушыдан бастап бастыққа дейін, клиенттердің атаулы күндерін ерекше атап өтуіне себепкер болып, соған жұмыс істеп жатыр. Ал осыны официанттар біле ме, білмей ме? Егер білмесе, олар тек ақша үшін жұмыс істеп жатыр. Ал егер білетін болса, өз жұмысын рақаттанып істейді. Мәселе көбіне осы жерде.

- Кәсіп ашқысы келетін жастарға өз тәжірибеңізден қандай кеңестер берер едіңіз? Бизнес ашуды неден бастаған дұрыс? Кәсіп ашып қана қоймай, оны үздіксіз дамытып отырудың жолы қандай?

Қазір бизнес ашу мүлде қиын емес, екінің бірі бизнес ашып жатыр десе де болады. Бұл жерде бастысы сол бизнесің нарықта 2-3 жыл бойы қала ма? Себебі алғашқы үш жылда 90 процент бизнес жабылады деп айтады. Бірінші не үшін істеп жатқаныңды анықтап алу керек деп ойлаймын. Қазір бизнес ашу тренд сияқты болып кеткен, бірақ адамға маман болудың өзі сүйікті іс болуы мүмкін. Ал егер бизнес ашуға ниетті болсаң, барлығы біліміңді арттыру, әрдайым өзіңді дамытуды тоқтатпау, кітап оқу, курсқа қатысу, басқа адамдармен сөйлесу деген сияқты әрекеттерге келіп тіреледі. Сенің білім деңгейің қай жерде болса, бизнесіңнің деңгейі дәл сол жерде болады деп ойлаймын. Себебі өзіңді дамытып алмай, бизнесіңді дамыта алмайсың. Менің басты айтарым, ол – үздіксіз даму. Одан кейін алдамшы сезімдерге беріліп қоймау. Мысалы, сен өзіңнің сүйікті ісіңді істеп жатырсың, ал қасыңдағы досыңның табысы сенен қарағанда екі-үш есе көп болуы мүмкін. Сондай кездерде басқа бағыттарға қарай кете беретін болсаң, онда бизнесің ұзақ мерзімді болмайды. Сондықтан сондай бір сезімдерге беріліп қоймай, өзіңнің бастаған бағытыңды соңына дейін алып келу керек. Себебі егер адамның көздегені ақша болатын болса, ақша барлық кәсіпте бар. Тек сол кәсіпті дұрыс жүргізе білу керек.

Ал неден бастау керек дегенге келетін болсақ, қарапайым адамдардаақша болады, ол ақшаны әр жаққа шашады. Ойын-сауыққа, болмайтын нәрселерге шашамыз, телефон, тұрмыстық заттар аламыз. Содан кейін, одан қалып жатса, бизнес ашамыз. Өйткені ақша керек. Кейіннен ол бизнес дұрыс жүрмей жатқандықтан, білім алуға тырысамыз, курсқа барамыз, сол кезде кітап оқимыз. Дұрысы – тура осы нәрселер, тек керісінше. Бірінші білім ал, содан кейін барып бизнес аш. Өйткені сенде білім болса, бизнес те жақсы жүреді. Одан кейін барып телефонды, басқасын ал, қыдыратын жерлердің бәріне қыдыр, ойын-сауықтың барлығы ең соңында. Бағыт осылай болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Ал бизнес ашып, оны дамытудың басты жолы – орта табу. Дәл өзің секілді орта табу, әрқашан да сол ортаны іздеу. Себебі орта ғана адамды жақсы дамытады. Қазір негізі орта табу өте оңай. Менің қуанатыным, бизнес мектептер көбейіп жатыр. Сол мектептер – бірдей ойлайтын адамдарды бір жерге жинайтын жақсы бір құрал. Сол ортада әртүрлі адамдармен сөйлесу арқылы жаңа бағыттар, әрекетке жаңа инсайттар, ойлар алуға болады.

Қандай кеңес берер едіңіз дегенге, маман мен бизнесмен ұғымдарын шатастырып алмауды да айтар едім. Мысалы, маман ретінде зергерді алатын болсақ, ол өзінің сүйікті ісін жасайды. Сол арқылы ақша тауып жатыр дейік. Бірақ ол қасына команда жинамайды. Тек қана өз зергерлігін ұштай береді, өте қиын тапсырыстарды жасап дегендей. Бұл жерде зергер бизнесмен емес, маман. Ал бизнесмен деген – мықты мамандарды бір командаға жинай алатын адам. Яғни мықты маман, мықты маркетолог, мықты сатушыларды бір командаға біріктіре алған жан. Ал өз ісін жақсы көріп, сол істі дамыта беретін адам – маман. Жалғыз өзі цехта жұмыс істеп, жанына ешкімді жолатқысы келмей, өзін ғана дамыта беретін зергерлерді мен көп көргем. Оны жаман демеймін, өте жақсы. Ондай мамандар нарықта керек. Тек басқаларға айтарым, маман мен бизнесменді шатастырып алмау керек.

- Шынайы жауаптарыңыз бен құнды кеңестеріңіз үшін көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан: Жансая ҚАМБАР

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
7 Пікір
А
Айбарша 21.09.2021
Біз ескі мектептің ғимаратын сатып алғанбыз, енді оны рәсІмдеу жолдарын жүргізу қажет. Нені қайдан бастау керек. Кеңес керек. Көмек берсеңіздер
Жауап беру
П
Патима 07.12.2020
Оте орынды жауап бери. Менде оз касибимди ашкым келеди суда жагынан ойымнын бари базардан корпе жамстык одеялсулгинин турлери сиякты заттарды сату бирак оган ажептеуо каржы керек
Жауап беру
П
Патима 07.12.2020
Оте орынды жауап бери. Менде оз касибимди ашкымкелпли
Жауап беру
Е
Еркебулан 03.11.2020
Менде анда санда зергерлікпен айналысатын.Бірақ нақты кәсібім ол жиһаз жасау тапсырыспен.
Жауап беру
Ә
Әсем 02.11.2020
Өз касибімді ашу
Жауап беру
03.11.2020
Тілектеспін
Жауап беру
                                                                    
Тағы көру
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл