| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сәйкес, күдіктілер топ ретінде әрекет етіп, құрылыс компаниясының атынан азаматтарға жылжымайтын мүлік нысандарын нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуды ұсынған. Сату кеңсесінде олар пәтерлерге, коммерциялық үй-жайларға және паркинг орындарына компанияның меншік құқығын дәлелдейтін түрлі макеттер мен техникалық құжаттарды көрсетіп, мәміле толық заңды деп сендірген.
Алайда, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеу орнына күдіктілер азаматтарға тек брондау шарттарын, кепілдік келісімдерін және алдын ала жасалған шарттарды берген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуді талап етпейді және сатып алушыларға меншік құқығын қамтамасыз етпейді. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол түрде немесе күдіктілердің жеке шоттарына аудару арқылы жүргізген. Ал аталған операциялар компанияның бухгалтерлік есептілігінде және банк құжаттарында көрсетілмеген. Соның салдарынан азаматтардан 3,8 млрд теңгеден астам қаражат иемденілген.
Оған қоса, тергеу мәліметі бойынша күдіктілер құрылыс компаниясының мүлкін жымқыруға бағытталған екінші схеманы іске асырған. Олар компания атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын заңды түрде тіркегенімен, сатудан түскен қаражатты компания кассасына өткізбеген. Нәтижесінде 76 нысанды сату арқылы тағы 4,1 млрд теңге ұрланған.
Осылайша азаматтар мен компанияға келтірілген жалпы материалдық залал 7,9 млрд теңгені құрайды. Тергеу аясында сот шешімімен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынған. Үш күдікті қамауға алынды.