Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанадағы ауыз су тапшылығын шешу үшін 73 миллиард теңге бөлінбек, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
2023 жылы елорда тұрғындары ауыз су тапшылығын сезінген болатын. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Павел Казанцев бұл жағдайды еске салып, болашақта қайталану ықтималдығы жөнінде сұрақ қойды.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов бұл мәселеге жауап беріп, су тапшылығын азайту үшін №3 сүзгі-сорғы станциясы іске қосылғанын атап өтті.
- Қазіргі таңда қалада тәулігіне 350 мың текше метр су тұтынылады. Үш сүзгі станциясының жиынтық қуаты – 410 мың текше метр. Яғни қазіргі даму қарқынын ескерсек, тапшылық жоқ, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, болашақта елорданы сумен қамтуды күшейту үшін бірнеше ірі жоба қолға алынуда:
– Бірінші жоба – №4 сорғы-сүзгі станциясы мен Сәтбаев суағарының құрылысы. Бұл нысандар күніне қосымша 200 мың текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
– Екінші жоба – Нұра жерасты су көзінен су тарту жүйесін салу. Бұл бағыт қосымша тәулігіне 38 мың текше метр су жеткізеді. Жобаның техникалық құжаттамасы әзір.
– Үшінші жоба – “Тельман” сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту. Бұл бастаманың құны – 17,6 млрд теңге, оның ішінде биыл жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген.
Қажкеновтің айтуынша, барлық жобалардың жалпы құны шамамен 73 миллиард теңгені құрайды. Бұл елорданың қарқынды дамуын ескеріп, болашақта су тапшылығын болдырмауға бағытталған.