| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Жаңатілек ауылында болған аса ауыр қылмысқа қатысты үкім шығарды. Сот Сұлтан Сәрсемәлиевті бір отбасының төрт мүшесін өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы кісі өлтіруден бөлек алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы, құжаттарды заңсыз иемдену және оларды жасыру баптары бойынша да кінәлі деп танылды. Бірнеше айға созылған сот процесінің нәтижесінде оған ең қатаң жаза тағайындалды.
Ал айыпталушының бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратураның мәліметінше, оның туыстарының өлтірілгенін біле тұра жасырғанын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар анықталмаған.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында полицияға 66 жастағы Мақсот Қарабалин, оның 64 жастағы жұбайы Насип Өтешқалиева және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстары отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Тергеу барысында биылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіттері үй ауласындағы шаруашылық құрылысының ішінен көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған екі баланы іздеу жұмыстары жалғасты.
Кейін қылмысқа күдікті ретінде марқұмдардың бұрынғы күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланған болатын. Тергеу аяқталған соң іс сотқа жолданып, сот оны барлық негізгі айыптар бойынша кінәлі деп таныды.