| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі жаңарды. Жаңа ережеде баспананы белгілі санаттарға бөлуге арналған квоталар мен ипотека алуға қойылатын табыс талаптары нақтыланды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша азаматтарды баспанамен қамту тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін баспанаға да, әкімдік жалдайтын тұрғын үйге де қатысты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің жаңа бұйрығымен тұрғын үйді бөлу кезінде әлеуметтік санаттарға арналған нақты үлестер белгіленді.
Енді бөлінетін баспананың кемінде 20 пайызы жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілуі тиіс.
Ал тұрғын үйдің кемінде 50 пайызы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың бірқатар санатына қарастырылады. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, басқа мемлекеттердегі әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жесірлер, көпбалалы аналар мен отбасылар және құрамында мүгедектігі бар отбасы мүшесі бар азаматтар бар.
Егер осы санаттарға жататын өтініш берушілер саны белгіленген квотадан аз болса немесе олардың өтініштері талаптарға сәйкес келмесе, бос қалған тұрғын үй басқа кезекте тұрған азаматтарға беріледі.
Бұл ретте азаматтардың табысына қатысты талаптар да нақтыланған.
Соңғы алты айдағы отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері:
Табысы мүлдем жоқ азаматтардың жағдайы да ескеріледі.
Сонымен бірге тұрғын үй беру кезінде Қазақстан аумағында алынған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер ғана есепке алынады.
Жаңа тәртіп жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға да қатысты. Отбасы банкі арқылы берілетін тұрғын үй займдарында 20 және 50 пайыздық квоталар автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы қолданылмақ.
Ал жылдық 2 пайыздық ипотекаға өтініш беретін азаматтардың соңғы алты айдағы әр отбасы мүшесіне шаққандағы еңбек немесе кәсіпкерлік табысы 5 күнкөріс деңгейінен аспауы керек.
Ал 5 және 7 пайыздық ипотекалық займдарға Қазақстанда ресми түрде еңбек ететін немесе кәсіпкерлік қызметтен табысы бар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.
Жаңа бұйрық ресми түрде жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді. Осыдан кейін тұрғын үй бөлу мен жеңілдетілген ипотекаға өтініш қабылдау кезінде жаңартылған талаптар қолданыла бастайды.