Мемлекеттік күзет енді тұңғыш Президенттің қауіпсіздігіне жауап бермейді
25.07.2023
2 мин
0
551
фото: orda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығына өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттері:
Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;
күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
күзетілетін адамдар мен объектілерге қатерлерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету мен рәсімдік және хаттамалық іс-шараларды орындауға қатысу;
Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президент актілерімен айқындалатын өзге де міндеттер.
Бұған дейін, Мемлекеттік күзет қызметі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының өміріне, денсаулығына, құқықтарына, бостандықтарына, қадір-қасиеті мен меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықтарды анықтауға, олардың алдын алуға және жолын кесуге, оны ҚР аумағында және шетелде халықаралық және өзге де байланыс түрлерімен қамтамасыз етуге жауапты болған.
Енді бұл тармақтар Жарлыққа сәйкес Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережеден алынып тасталды. Сондай-ақ ережеден ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу алынып тасталды.