Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
МҰҒАЛІМДІКТЕН КӘСІПКЕ: ШОЛПАННЫҢ ШОКОЛАДЫ
Менің кәсібім

МҰҒАЛІМДІКТЕН КӘСІПКЕ: ШОЛПАННЫҢ ШОКОЛАДЫ

18.04.2024
5 мин
9
4120

Кәсіп ашудың ертелі-кеші жоқ. Оралдық Шолпан Құспаева бұған дәлел. Осыдан бірнеше жыл бұрын филология саласында қызмет атқарған ол бүгінде «Тәтті МЕ» шоколад студиясын ашып, табиғи таза тәттілер әзірлеп жүр. Ерекше кәсіптің қыр-сырын, тарихы мен болашағын білу үшін dauletten.kz ақпараттық-танымдық порталы Шолпан ханыммен байланысты.   

 – Шолпан ханым, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Негізгі мамандығыңыз қандай?  

 – Негізгі мамандығым - педагог. Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрімін және жоғары санатты педагогпын. Бірнеше жыл Орал жоғары инженерлік-технологиялық колледжінде қызмет атқардым. Осыдан 4 жыл бұрын кондитерлік салаға қызығып, өз ісімді бастадым.

 – Шоколад студиясын ашу идеясы қалай пайда болды? Неге шоколад? Кәсіп бастау жолыңызбен бөліссеңіз?  

 – 2018 жылы отбасымызда ерекше бала дүниеге келді. Ана ретінде оның күтімі үшін маған бос уақыт қажет болғандықтан, жұмысымды ауыстыру керек деген шешімге келдім. Бәрі үйден тәттілер әзірлеуден басталды. Енді қызығып, үйреніп жүргенімде 500 мұз кәмпит жасап, төрт метрлік үстелге әрең сыйғызған кезім болған. Кейін мұз кәмпиттен букеттер, карамельді тәттілер және кептірілген жеміс-жидектермен жұмыс істеп жүргенде шоколадқа да қызыға бастадым. Тұтынушылар саны артқан сайын, кәсібімді әрі қарай өрбіту керек деген ой туындады. Осы тұста кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік грант түрлері туралы ақпарат жинадым.  

 – Қазақстанда жас кәсіпкерлерге қолдау бар ма? Біразы қаржыландыру жағынан қиналып жатады. Өзіңіз грант жеңген жоба туралы айтыңызшы.  

 – Қазіргі таңда кәсіп бастауға мемлекет тарапынан мүмкіндік көп деп ойлаймын. Кез келген ниетті адам конкурсқа қатысып, бағын сынап көрсе болады. Біз комиссия мүшелері алдында идеямызды қорғап, грант ұтып алдық. Мен үшін өзгелерден көмек күту жат қасиет, бірақ бизнес бастауда жергілікті өкілдердің қолдауы маңызды. Халық арасында таралған «таныс-тамыр» керек деген сыбыс өтірік, еңбек етуге дайын адам әрдайым амалын табады.  

 – Қазір командаңызда неше адам жұмыс істейді? 

 – Әзірге 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Командамызда технолог, безендіруші және маркетолог бар. Сатылымдағы әр тауарымның дәмі мен құрамынан бастап сырт келбетіне дейін кіршіксіз болуына аса назар аударамын, сол үшін жұмыскерлерімнен де осыны талап етемін.  

 – Өнім дайындау үшін арнайы тапсырыспен басқа елден алдыратын заттарыңыз бар ма? 

 – Жұмысымызға керек какао дәндері Қазақстанда өсірілмегендіктен, өзге елдерден тапсырып беруге тура келеді. Ал шоколадқа қосылатын барлық қоспаны жергілікті өндірушілерден сатып аламыз. Шикізаттан бөлек, кейбір құрал-жабдықтарды көршілес елдерден алдыртып отырмыз. Бұл аппараттардың барлығы тәттілердің ерекше түрлерін дайындау үшін қажет. Қазір 3Д-принтерді күтудеміз, онымен шоколадтан мүсін құйып, көрмелерде көрсету мүмкіндігі бар. 

 – Бизнесті алғаш бастағанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Мәселе қалай шешілді?  

 – Кәсібіміздің дамуы шарықтау шегіне жетті деп әлі айта алмаймын. Алғашында сатылым қалай жүреді деген үрей болғаны рас. Маркетингпен айналысуға қызым көмектесті. Уақыт өте келе жергілікті брендтерге ұсыныс тастап, серіктестік орнаттық. Шикізатпен қиналып қалатын кездеріміз де болады, себебі тауарларды Оралға жеткізерде мәселе туындауы мүмкін. 

 – Орал өңірінің дамуына кәсібіңіз қандай үлес қосып жатыр деп ойлайсыз?  

 – Қазіргі таңда қалалық кәсіпкер әйелдер кеңесінің мүшесімін. Сұхбаттасуға да жиі шақырып тұрады. Онда шаһарымыздың нәзік жандыларымен жеке іс ашу барысымен бөлісемін. Қаншалықты үлес қосып жатқанымды әзірге айту қиын, дегенмен бірнеше адамды жұмыспен қамтып, заң бойынша салығымды төлеп, қаламыздың атын тәтті өнімдеріммен шығарып жүргенім рас. Алда жоспар көп, қаланы көркейтуге барынша үлес қосамыз деп сенемін.  

 – Жұмыстағы басты принципіңіз қандай? 

 – Біріншіден, біздің өнім таза болу керек: табиғи құрамды тәтті дәммен ұштастыру өте маңызды. Екіншіден, жұмысты уақытылы жасау. Екі сағат ерте келгенің байқалмайды, ал бес минутқа кешіксең күнің кешігумен өтеді. Сондықтан уақытты тиімді пайдалана білу керек деп ойлаймын және жанымдағы адамдарға қоятын талаптарымның бірі осы.  

 – Шолпан ханым, талаптарыңызды айтып жатырсыз ғой. Ал табысты кәсіпкер қандай болуы керек?

 – Менің көзқарасым бойынша табысты кәсіпкер – жан-жақты, өз ісін толық меңгерген және нарықты зерттей алатын адам. Ісіңіз өрге жүзсін десеңіз таңдаған салаңызға адал бола білуіңіз қажет: екі кеменің басын қатар ұстап жүруге болмайды. Сондай-ақ, жетістікке жету үшін қаржылай сауатты болғаныңыз жөн. Бойында осы қасиеттер бар кәсіпкерлердің болашағы жарқын деп ойлаймын.  

 – «Тәтті МЕ-дің» болашаққа жоспары қандай? Басқа қалалардан ашылу ойда бар ма? 

 – «Тәтті МЕ» жақсы франшиза бола алады деп ойлаймын. Қазіргі күннің өзінде Астана қаласынан ашылуға ұсыныс түсіп жатыр. Жоспарымызда Алматы да бар. Биыл «Алтын сапа» жобасының жергілікті кезеңіне қатысып, бақ сынамақпыз. Өзім шет елдерде шоколадтың қалай жасалатынына қарап қызығамын, бұл саланы елімізде дамытқым келеді.

 – Керемет! Сұхбатыңызға рахмет! Кәсібіңіз өрге жүзсін!

 

Дария Гумарова, Нұрбике Жігерқызы

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
9 Пікір
К
Кәусар 19.04.2024
Сәттілік кәсібіңізге
Жауап беру
Ф
Фариза 18.04.2024
Шолпан Насибуллаевна саттилик сиздин қолыңыздан барлығы келеди
Жауап беру
Р
Римма 18.04.2024
Шолпан ханым сәттілік тилеймин сизге
Жауап беру
А
Асылғаным 18.04.2024
Дария өнерің үстем болсын құтты болсын бақытты бол жаным
Жауап беру
Н
Нағашы апасы 18.04.2024
Дария биіктерді бағындырып үлкен жобаларды жүзеге асыруға сенімдімін жолың ашық болсын
Жауап беру
А
Азиз 18.04.2024
Дария өнерің үстем болсын биіктерден көріне бер сәттілік
Жауап беру
Е
Ерасыл 18.04.2024
Ісіңізге сәттілік тілеймін
Жауап беру
М
Медина 18.04.2024
Биіктен көріне берсін ????????????
Жауап беру
А
Асылғаным 18.04.2024
Керемет
Жауап беру
                                                                    
Тағы көру
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл