Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағы, 1822 саяжай үйі және әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат, сондай-ақ 155 автожолды су басты. Бұл ресми ақпаратты 7 сәуір күні ТЖМ мәлімдеді.
Қазір су басқан аймақтағы тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетілуде. Төменде апат туралы Құлсары халқының пікірімен бөлістік. Наразы жұрттың қарасы көп. Олар жағдайдың алдын-алу шаралары жасалмады, көктем келіп, күн жылынатыны анық еді деп отыр.
«5 сәуірде әкімдіктің алдында жиналыс болып жатыр дегенді естіп, бардық. Онда олар алда не болатынына кепілдік бермейтіндерін айтып, басқа облыстарға шығуымызды сұрады. Осы хабардан кейін таңға қарай заттарымызды жинап, поездға отырдық. Ешкім тегін поезд, басқа да көмек көрсетіледі деп айтпады. Жағдай осы дегеннен кейін абдырап қалған халық жан-жаққа тарады. Мен өзім көпқабатты үйде тұрамын. Бірақ бұл жағдай басталғанда әке-шешемнің қолына бардым. Өйткені олардың үйі көлдің жағасында еді. Өзім жалғызбасты анамын. Әке-шешмді де қалдыра ламаймын. Әкімдікке екі үйдің құжатын өткіземін», - деді Құлсары тұрғыны Нұргүл Құлжанова.
Айта кетейік, Құлсары тұрғындары осы күнге дейін мұндай қиын жағдай болмағанын айтады. Жылда су деңгейі көтерілгенімен, тасқын болмаған. Кейбіреулер 1993 жылы болған су тасқынын еске алды. Оның өзінде сол кездің әкімшілігі қазіргідей жағдайға жеткізбеген еді, бүгінгі жағдай- шектен шыққандық деп санайды.
Эвакуациялық пункттегі адамдар әкімдік апаттың алдын алу шараларын жасамады деп есептейді.
«Халықты тентіретіп қойған Үкімет кінәлі. Жұрт шошып, қайда бас сауғаларын білмей жатыр. Мемлекеттен құлаған үйіміз бен келген залалдың орнын толтыруға көмек болатынына шама келгенше сенгім келеді. Барлық қазақта несие бар. Үкімет қарайған халықты жылатып қоймайтын шығар, көмек береді деген үмітіміз бар», - Нұргүл Құлжанова.
Балалардың оқуы туралы әлі хабар жоқ, дейді 6 баланың анасы Айнаш.
«Хабарды естіген түні бірден шығып кеттік. Қалай жиналғанымызды да білмейміз. Қалаға таңғы 5-те жеттік. 4 балам оқуда. Әзір оқуға қатысты ешқандай хабар жоқ. Мектептер сабақтың онлайн форматқа ауысуы туралы да хабар бермеді», - деді ол.
Құлсары тұрғыны үйінің құжаты қалып кеткеніне алаңдаулы.
«Заттарымызды буып-түйіп дайын отырғанбыз. Бірақ су көрші ауылға жеткенін естіп, қолымызға 1-2 пакетімізді алып, шығып кеттік. Күйеуім бізді орналастырып, өзі көмекке кетті. Өзіміздің құжаттарымызды алғанмен, үйдің құжатын алмадық. Тоқтың барлығын ажыратып, тоңазытқыштарымыздың астына тас қойып барынша көтеріп кеттік», - деді Айнаш Тлепбергенова.
Эвакуацияланған халық осындай қысылтаяң уақытта көмек көрсетіп, қолдап жатқандарға алғыс айтты.