Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Биыл 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіреді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева айтты.
«22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтауға әзірлік үстінде. Бұл ұйымдарда биылғы оқу жылында 5 миллионнан астам бала білім мен тәрбие алды. Осы жылы 341 мыңнан астам түлек 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіруде. Олар енді болашақ мамандықтарын таңдайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады. 24 мамырда республиканың барлық мектептерінде 1-10 сыныптар оқушыларына «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сынып сағатының мақсаты: балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу. Сондай-ақ 25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері анықтайды.
«Бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізілетін болады. Емтихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шығады. Биылғы жылы алғаш рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі», - деді Наталья Жұмаділдаева.