Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
«Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияның Штутгарт қаласында білім алған экономика ғылымдарының докторы Айтуған Мұқашев арнайы Dauletten.kz оқырманы үшін коммерция мен бизнес ұғымдарының аражігін ажыратып берді. Сондай-ақ бизнестің дамуы қандай алғышарттарға байланысты екенін және мамандыққа байланып қалмаудың маңызын айтып, елімізде сұранысқа ие бірқатар мамандықтарды атап өтті.
«Коммерция – алып-сатумен ғана баю»
Ең үлкен мәселе – экономикалық біліміміздің жоқтығы. Экономикалық білім алғандардың өзі экономика өз ішінде қалай бөлінетінін, оны қалай талдау керегін білмейді. Мысалы, коммерция дегеніміз не? Біз 90 жылы социалистік мемлекет едік. Социалистік мемлекетте жоспарлы экономика деген нәрсе болды. Жоспар бойынша біз шет елдермен жұмыс істеген жоқпыз, Совет үкіметі ішінде 16 мемлекет болса, тек бір-бірімізбен ғана жұмыс істедік. Мысалы, темір Қазақстаннан шығады, Ресейде балқытылады, басқа мемлекетте жасалады. Яғни Совет үкіметі бөлінген кезде бізде мақта-мата комбинаты болды, бірақ мақта болған жоқ. Ал Өзбекстанда мақта бар, бірақ мақта-мата комбинаты жоқ. Бұл жүйе мемлекеттердің бір-біріне тәуелді болуы үшін әдейі солай жасалған. Мемлекет тәуелсіздік алғанымен, экономикада тәуелсіз болмай қалды. Осы кезде бізде ешқандай өнім жоқ болғандықтан, шетелден, сырттан өнім әкелу пайда болды. Осылай коммерция туындады. Мысалы, Қытайдан 5 теңгеден Алматыға әкелінген затты ауылға апарып 20 теңгеден сатты деген секілді. Яғни сауда-саттық ол – тек коммерция. Біреулер осының арқасында байи бастаса, біреулер халықтың ақшасына өндірістер сатып алып, соның иесі болып қалды. Кейіннен сол өндірістерді сатып, байып, «бизнесмен» болды. Бірақ олар бизнесмен болып не жасады? Машина тұрмақ, ине де жасаған жоқ. Тон тіккенді қойып, шұлық та шығарған жоқ. Олар арзанға алып, қымбатқа сатты. Оларды мен бизнесмен деп айта алмаймын. Олар негізінен алып-сатарлар. Бұл жерде коммерция дегеніміз – алып-сатумен ғана бай болу.
«Ғылымы болмаған бизнес алға жылжымайды»
Мысалы, сізде қой болса, оның жүнін іске асырып, одан бірнәрсе жасап, халықты қамтамасыз етіп, оны ары қарай шетелге шығарсаңыз, ол – бизнес. Бизнес деген – өзіңізді ғана емес, сол бизнеске қатысты адамдардың барлығын байыту, ел экономикасын көтеру. Нәтижесінде, ел байығаннан кейін біз сырттан зат алмаймыз, керісінше сыртқа зат шығарамыз. Шетелден бізге доллар құйылғаннан кейін оның бағасы түседі, ел экономикасы көтеріледі.
Ал біз қазір барлық нәрсені сырттан сатып аламыз, тіпті тамағымыздың өзін. Ауыл шаруашылығын алайық. Ауылда тұратын адамдар бар, осыдан 30 жыл бұрын 10 сиыр ұстаса, әлі күнге дейін сол 10 сиырын ұстап отыр. Неге олар оны дамытуға, реттеуге көңіл бөлген жоқ. Ал көңіл бөлу деген не? Ол – ғылымды дамыту. Мысалы, сүт бермейтін сиырдан гөрі сүтті көбірек беретін сиыр асыраған жақсырақ. Тағы бір мысал, ауылда қолда бар материалмен стандартты қора салады. Бірақ негізінен қой тұратын шаршы метр, сиыр тұруы керек шаршы метр және жылқы қорасының шаршы метрі әртүрлі, арнайы есептелген болуы керек. Егер қойдың тұратын жеріне сиырды қамап қойсаңыз, ол қойға жайлы, сиырға жайсыз болуы мүмкін. Ал шетелде неге сиырды шаршы метрі есептелген қораға қояды, себебі оның бәрі ғылыммен ойластырылған. Мысалы, сиырға 9 шаршы метр, қойға 3 шаршы метр деген секілді. Сол сияқты қойдың да, сиырдың да, жылқының да жейтін өз шөбі бар. Ал біз барлығына бірдей жем-шөп береміз. Сондықтан олардан ешқандай нәтиже ала алмаймыз. Егер осы стандарттарды сақтап, ғылымға жүгінетін болсақ, біздің сиырлар да көп сүт береді. Сиырды сүт жасайтын станок деп ойлайықшы. Оған берген тамақты сиыр сүтке айналдырып береді. Егер ол күніне 90 келі тамақ ішетін болса, 30 келі сүт береді. Ал біздің сиырлар күніне 90 келі тамақ ішіп отыр ма? Олардың физиономиясы келмейді, себебі генетикасы жасалмаған. Олар 30-ақ келі тамақ ішеді, ал бізге беретіні 10-ақ келі сүт. Яғни біздің сиырлар көп мөлшерде сүт беруі үшін сонша мөлшерде тамақ ішуі керек. Оны ғылым арқылы, генді көтеру арқылы жасайды.
Бизнестің дамуы міндетті түрде ғылым арқылы жүзеге асады. Ал ғылымы болмаған бизнес ешқашан алға жылжымайды. Өйткені ғылым болашақта, мысалы осыдан 10 жылдан соң сатылымда не пайда болатынын болжай алады. Мысалы, қазір елдің бәрі телефонға қарап отыр. Осыған байланысты, бес жылдан соң мойынның қисаю мен көздің көрмеуі деген мәселелер жиі кездеседі деп айта аламын. Егер сіз көз дәрігерінің не мойын омыртқасы қисаюының оқуын оқып, клиника ашсаңыз, сұраныста болатыныңыз анық. Осыдан 10 жыл бұрын бізде стоматология болатын ба еді? Қазір әр аттаған жерде стоматология тұр, көз дәрігері отыр. Неге 20-30 жыл бұрын болмады? Себебі теледидар, компьютерге деген тәуелділік болған жоқ. Технология жаңарған сайын аурулардың түрі де жаңарады. Медицинаның ішінде мамандықтардың ашылуы да осы технологияның дамуына байланысты. Сонымен, бизнес ең алдымен бір жаңалық ашуы керек, екіншіден, бұл жаңалық ғылымға ұласуы қажет. Сонымен қатар, бизнес ұзақмерзімді болады. Мысалы, бүгін велосипед жасасаңыз, соны биіктетіп арба, одан машина жасап ары қарай дамыта бересіз. Ол ғұмырлы болады. Ал сіз биыл ресторан ашып, келесі жылы ол ресторан жабылып қалса, ол бизнес емес.
«Шаштараз ашу жаңалық емес»
Халыққа қызмет көрсету саласында мейрамхана, шаштараз ашу жаңалық емес. Мысалы, қазақтың ұлттық ресторандары ашылып, басқа мемлекеттерге KFC сияқты франшизаларды сатып отырса, мен оны мойындаймын. Ол – бизнес. Өйткені сырттан Қазақстанға ақша кіріп жатыр. Ал өз ішіміздегі бір- бірімізді қайталап отырған халыққа қызмет көрсету орындары бизнес емес, сол орындарды салып отырған адамның күнделікті табысы. Мысалы, мейрамханасына қажет етті басқа біреуден сатып алып отырса, ешқандай ғылымға жүгінбесе, ол – коммерция. Халыққа қызмет көрсету саласы бизнес емес, алып-сату. Әрине, бизнес арқылы да, коммерция мен қызмет көрсету арқылы да табыс табуға болады. Бірақ бизнестің ерекшелігі мемлекетке кіріс кіргізеді, ғылымның дамуына бағыт-бағдар береді, мемлекет экономикасын көтереді.
«Қазақстанда барлық мамандық сұранысқа ие»
Адам бизнес жасау үшін жаттанды нәрселерді істемей, болашақта болатын нәрселерге болжам жасай алуы керек. Мысалы, телефон көзге зиян болса, сіз көзге зиян тигізбейтін пленка ойлап табыңыз. Қазір ондай мамандық жоқ, бірақ болашақта сұранысқа ие болады. Адам ізденсе, барлық нәрседен бизнес жасай алады. Мысалы, сынып қалатын шыны қолданамыз. Оның орнына сынбайтын шыны түрін ойлап табуға болады. Ойлап табу және оны патенттеу – үлкен бизнес. Жаңалық жоқ деуге болмайды, себебі қоршаған ортаның бәрі жаңалық. Мысалы, бізде бұрын тіс шұқитын болды ма? Болған жоқ. Оны біреу ойлап тапты. Ал қазір ол миллионер немесе миллиардер. Сондықтан мамандыққа байланып қалудың қажеті жоқ.
Мамандық қайдан шығады? Мемлекет, министрлік белгілі бір мамандықтарды бекітіп береді. Сол мамандардың бәрін оқытып шығарады. Бірақ олар жұмыссыз. Жұмысқа тұрдық деп өтірік анықтама әкеледі. Онда осы жылы 10 адам оқытсақ, келесі жылы 15 адамды оқуға алуымыз керек деп өз-өзімізді алдап, өзіміздің өтірігімізге өзіміз сеніп отырмыз. Бірақ мамандықтар жаңарып кетті. Біздің ток тартатын электриктеріміздің өздері баяғыдағы столбтан, алюминийден ток тартатын деңгейде қалып қойған. Бүгінде оның бәрі өзгеріп кетті. Қазір сұраныста телефон мен компьютер электроникасы. Өйткені бұрынғыдай 380 вольт ток өткізіп керек емес, қазір 12-ақ вольтпен ток беруге болады. Қазір сол кішірейтілген токпен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Өйткені оларға мамандық ашылған жоқ, баяғыда-ақ ашылуы керек еді. Электрониканы бітіргендер телефон емес, телевизорды жөндей алмай жүр. Неге соған жастарды, балаларымызды мамандандырмаймыз, қызықтырмаймыз?
Қазақстанда барлық мамандық сұранысқа ие. Мысалы, құрылыста кірпіш қалайтын, құрылыс дизайнын жасайтын білікті мамандар бар ма?! Қандай картоп, бидай егу керегін білетін агроном, топырақтану маманы да жоқ. Мамандықтар бар, бірақ сапалы кадрлар шығып жатқан жоқ. Топырақтанушы болғымыз келмейді. Алайда мықты топырақтанушы болсаң, елдің бәріне жеріне не салу керегін айтып бере аласың.
Техника, технология дамуына байланысты мамандықтар да дамиды. Кей мамандықтар жойылады. Сол өзгерістерді болжай алу керек. Мысалы, дистанционды қызмет көрсету дамып жатыр, өз өніміңізді тұтынушының үйіне жеткізіп бересіз. Бет күтімі, шаш түсуіне байланысты мамандар қажет. Қызмет көрсету де мамандық. Бастысы, мектепте оқыған кезде балаға жаттанды емес, дұрыс бағыт-бағдар беру керек.
Сұхбаттасқан: Жансая ҚАМБАР
Тағы көру