| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Түнде қатты шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын көліктерді анықтау үшін Қазақстанда жаңа технология қолданылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі көлік шуын автоматты түрде тіркейтін арнайы камераларды сынақтан өткізу бастамасын қолдап отыр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда түнгі тыныштықты бұзатын көліктерге бақылау күшеюі мүмкін. Ішкі істер министрлігі шамадан тыс шу шығаратын автокөліктерді анықтау үшін акустикалық камераларды қолданыстағы фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіруді қарастырып жатыр.
Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған. Ведомствоның мәліметінше, жаңа технологияны сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобаны іске қосу қолдау тапқан.
- Министрлік шудың шекті деңгейден асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін фото- және бейнетіркеу жүйесіне инновациялық акустикалық камералар мен шу деңгейін өлшейтін құралдарды біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды қолдайды, – делінген министрдің жауабында.
Қазір Ішкі істер министрлігі АҚШ, Германия және Францияда қолданылатын тәжірибені зерттеп жатыр. Алайда Қазақстанда мұндай камералардың нақты қашан орнатылатыны әзірге белгісіз.
Түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылып жатыр
Жыл басынан бері Қазақстанда түнгі тыныштықты бұзудың 22,2 мың фактісі анықталған. Бұл мәселе бұған дейін Үкімет отырысында да көтерілген.
22 қыркүйекте Премьер-министр Олжас Бектенов түн ортасында қатты шу шығарып, тұрғындардың ұйқысын бұзатын мотоциклдер мен көліктердің жүргізушілеріне қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырған.
- Біз қатты шуылдайтын мото және көліктер мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау керек. Әйтпесе, түн ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Оларға айыппұл салмай, қамау керек, – деген Үкімет басшысы.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те бұл бағыттағы бақылауды күшейтуге уәде берген. Оның айтуынша, азаматтар түнгі тыныштықты бұзу фактілері туралы 112 нөміріне хабарлай алады.
Министрдің мәліметінше, осы бағытта тіркелген 372 құқық бұзушылық бойынша азаматтар әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 55 адам қамауға алынған.
Арнайы акустикалық камералар енгізілсе, көлік шығаратын шудың деңгейін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік туады. Қазір бұл бастама жобаны әзірлеу және шетелдік тәжірибені зерделеу кезеңінде.