| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова облыстық білім басқармаларының басшыларымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде өңірлердегі білім сапасының төмендігі мен педагогтар мен мектеп директорлары жетіспейтін мәселелерді ашық сынға алды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі білім сапасының көрсеткіштерін сараптап, кейбір облыстардың артта қалғанын атап өтті.
- Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, оқушының шынайы жетістігі қажет. Кейбір менеджерлер тек жобалардың санын қуалап, білім сапасын екінші орынға қойып отыр, – деді министр.
Мәжіліс барысында мектептердегі сапаға әсер ететін негізгі мәселелер талқыланды: сала менеджерлерінің және білікті кадрлардың жетіспеушілігі, директорлыққа үміткерлердің аз өтуі, педагогтердің кәсіби бағалау нәтижелерінің төмендігі. Қазіргі таңда ел аумағында 490 мектеп директоры лауазымы бос тұр, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында.
Педагогтардың білімін бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 %-ы шекті деңгейден өте алмаған, әсіресе Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында көрсеткіш төмен. Министр бұл мәселені шешу үшін білікті кадрларды басқа аймақтардан тарту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, өңірлік ақпараттық платформалардың әр алуандығы мен деректердің шашыраңқылығы білім сапасына кері әсер етуде. Бұл мәселені шешу үшін барлық өңірлік платформалар біртіндеп Esep.kz жүйесіне интеграцияланатын болады, бұл деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, артық есептіліктен арылуға мүмкіндік береді.
Инклюзия мәселесіне де назар аударылды: министр кабинеттер тек көрсеткіш үшін емес, ерекше қажеттілігі бар балаларға нақты қолдау көрсетуге бағытталуы керегін атап өтті.
Жиын соңында министр өңірлік білім басқармаларына нақты тапсырмалар беріп, орындалу мерзімін бекітті. Министрдің пікірінше, өңірлердің нақты қажеттіліктерін білу мен сала менеджерлерімен кеңесу стратегиялық және инфрақұрылымдық шешімдер қабылдауда шешуші рөл атқарады.