Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қызылорда облысында Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты "Сыр сұлуы" деп аталатын жаңа күріш сортын сынақтан өткізуде. Ғалымдардың айтуынша, бұл сорт аз уақытта пісіп-жетілетіндіктен, суды да аз қажет етеді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Сынақ нәтижелеріне сәйкес, жаңа күріш 105–110 күнде пісіп-жетіліп, жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделген. Барлық агротехникалық талап сақталған жағдайда әр гектардан 80–85 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өңірде кеңінен өсіріліп жатқан ресейлік сорттар толық пісуі үшін 120–125 күн уақыт алады.
- Әлемдік климаттың өзгеруін ескерсек, жаңа дақыл түрлері су тапшылығы жағдайында тиімді балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарында су тұтынуды азайтуға ықпал етеді, – деді институт басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанұзақ Байманов.
Сонымен қатар институт Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, венгрлік Water Retainer препаратын сынақтан өткізуде. Ол топырақтағы ылғалды ұзақ сақтауға көмектеседі. Биыл Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола және Жетісу облыстарындағы егістіктерде тәжірибе жүзінде қолданылып жатыр.
- Әдетте күрішке 90 күн бойы су жіберіледі. Ал бұл препаратты қолданғанда бар болғаны 51 күн суару жеткілікті екені дәлелденді», – деп атап өтті министрліктің Ғылыми және инновациялық технологиялар департаменті директоры Ләззат Жүсіпова.
Жаңа сорт пен жаңа технологиялар алдағы уақытта елімізде су ресурстарын үнемдеуге және ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға жол ашпақ.